Оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақтар
Құрметті жамағат! Алла қаласа 2016 жылдың маусым айының 6-жұлдызында қасиетті Рамазан айына қадам басамыз. Кезекті мақаламызда өткен жылдан алған тәжірибе нәтижесінде «жиі қойылған сұрақтарды» сіздердің назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.
Сұрақ: Бұрын ораза ұстамағанмын. Оразаны қалай дұрыс ұстауға болады? Не нәрсеге рұқсат, не нәрсеге рұқсат жоқ?
Azan.kz: Сізге Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлының "Мүбәрәк Рамазан"атты кітабі мен "Рамазан айының артықшылығы" тақырыптағы мақаланы оқуды ұсынамыз.
Сұрақ: Намаз оқымайтын болсам да ораза ұстай берсем бола ма?
Azan.kz: Әрине, болады. Ораза Исламның бес парызының бірі. Алла қаласа, сіздің оразаңызды қабыл етеді.
Сұрақ: Ауыз бекітер алдында не айту қажет?
Azan.kz: Оразаға былай деп ниет ету керек:
«Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын таңнан кешке дейін ұстауға ниет еттім».
Сұрақ: Ауыз ашар алдында не айту керек?
Azan.kz: Ауыз ашар алдында:
«Захаба ззама-у уәбтәлләтиль-‘урукъ, уа сәбәтәль-әжру инша-Аллаһ»
Мағынасы:
«Шөліміз қанды, сусындадық, Алла қаласа сауап та күтіп тұр» (Әбу Дауд 2357)
«Аллаһумма, ләкә сумту, уә бикә әмәнту, уә ъалййәкә тәуәккәлту, уә ъалә ризқыйкә әфтәрту»
Мағынасы: «Ей Аллаһым, Сен үшін ораза ұттым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім және де Сен нәсіп еткен ризықпен ауызымды аштым»
Сұрақ: Ораза кезінде немен айналысқан жақсы?
Azan.kz: Ораза кезінде көп құлшылық жасап, садақа беру, адамдарға жақсылық жасау, Құран оқумен айналысқан абзал. Егер ораза кезінде демалыс алуға мүмкіндік болса, уақыттың басым бөлігін мешітте Алла Тағалаға құлшылық қылумен өткізген абзал.
Сұрақ: Сәресін міндетті түрде ішу қажет пе? Егер мен сәресіне ұйықтап қалып, күні бойы ешнәрсе ішіп- жемесем, ораза ұстаған болып саналам ба?
Azan.kz: Егер сіз сәресіне ұйықтап қалған болсаңыз оразаңызды жалғастыра аласыз. Ең бастысы, ауыз ашарға дейін ешнәрсе ішіп- жемесеңіз болғаны. Бірақ сәресін жіберіп алудан сақ болыңыз.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айында ауыз ашарға асығатын әрі өзгелерге де осыны айтатын. Сонымен қатар, Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таң алдында сәресі ішуді бұйырған және де сәресі ішуді таң намазы кіргенде тоқтатуды бұйырған.
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сәресінде береке бар, сондықтан оны жіберіп алмаңыздар, сендердің әрқайсыларың тым болмаса су ішіңдер. Расында Алла Тағала мен періштелер сәресі ішкен адамды жарылқайды» (Ахмад).
Сұрақ: Ауыз ашуға асығуға бола ма?
Azan.kz: Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ауыз ашуға асыққан әрқайсыңда береке болады» (Әл- Бұхари, 1957; Муслим, 1098)
Сұрақ: Ауызды немен ашқан дұрыс?
Azan.kz: Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде құрма болса сонымен ауыз ашсын, ал кімде жоқ болса, сумен ашсын, расында су- тазартушы». (Ахмад № 15798, Әт- Тирмизи № 695, Әбу Дауд № 2355)
Сұрақ: Таң намазынан соң күн шыққанға дейін ішіп- жеуге бола ма?
Azan.kz: Таң намазынан соң ішіп- жеуге болмайды. Сәресіні, яғни ішіп- жеуді таң намазына 10 минут қалғанда тоқтату қажет.
«... Және таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де сонан соң оразаны кешке дейін толық орындаңдар»(Бақара сүресі, 187 аят)
Сұрақ: Егер ораза кезінде ұмытып бір нәрсе ішіп- жеп қойған болсам оразам бұзыла ма?
Azan.kz: Тамақты я болмас суды байқаусызда ішіп қою - оразаны бұзбайды. Аузыңыздың берік екендігі есіңізге түскен бетте ішіп- жеуді тоқтатыңыз.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынандай хадисі бар: «Кімде кім ұмытып ішіп я жеп қойса, оразасын жалғастырсын. Расында ол адамға Алла Тағала Өзі ішіп- жегізді». (Әл- Бұхари, 6669)
Сұрақ: Екі күн қатарынан тоқтамай, ауыз ашпастан ораза тұтуға бола ма?
Azan.kz: Жоқ, болмайды.
Әбу Сағид (ол кісіге Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін естіген: «Ауыз ашпастан ораза ұстамаңдар, кімде кім осылай істегісі келсе, таң алдында тамақ жесін». (Бұхари, 1963)
Сұрақ: Оразаны бірнеше күн ғана ұстаса бола ма? Мысалы, басында үш күн, аяғында үш күн.
Azan.kz: Жоқ, олай ұстауға тиым салынған.
«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын» (Бақара сүресі, 185 аят)
Сұрақ: Ораза кезінде мені басқа қалаға іс- сапарға жібереді. Сол кездері оразамды тоқтата тұрсам бола ма?
Azan.kz: Алла Тағала сапардағы адамға оразасын тоқтатуға рұқсат берген. Тіпті ол адам сапарда ешқандай қиындық көрмесе де. Алайда қаза болған оразаңызды өтейсіз. Алла Тағала былай дейді:
«Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла Тағала сендерге жеңілдік қалайды, ауырлық қаламайды» (Бақара сүресі, 185 аят)
Сұрақ: Өзге қалаға іс- сапарға кетіп бара жатсам да ораза ұстай берейін бе?
Azan.kz: Ия, ұстай бересіз.
Толық: http://vk.com/wall-94649733_4877